mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін84
mod_vvisit_counterКеше309
mod_vvisit_counterОсы аптада1416
mod_vvisit_counterӨткен аптада1947
mod_vvisit_counterОсы айда4617
mod_vvisit_counterӨткен айда9322
mod_vvisit_counterБарлығы317753

Достарыңызбен бөлісіңіз...

 

WORD форматымен жүктеп алу (DOC)

 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Алғы сөз

 

Оны дәріптеп, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

Онан кейін:

Исламдағы мазхаб[1] туралы білгісі келетін әрбір мұсылманға шейх Мухаммад-Султан әл-Ма’сумидің бұл еңбегі өте пайдалы, әрі осы тақырыпқа байланысты дұрыс танымдық түсінік қалыптастыруға септігін тигізеді. Шейхтің позициясын дұрыс түсіну үшін кітапты өте мұқият оқып шығу қажет. Себебі, тақлид[2] жақтаушылары шейх Мә’сумиді «Исламдағы мазхабты жоққа шығарады деген пікірді ұстанады» деп адамдарды алдап адастырады. Шынтуайтына келгенде, Сүннет ұстанушылардың қатарындағы бізге дейінгі барлық имамдар секілді шейх Мә’суми де мазхабты жоққа шығармайды. Алайда, оған дейінгі имамдар да, шейх Мә’суми де шариғат әмірлеріне қарама-қарсы келетін баз біреудің пікіріне соқыр ілесуді тыйым салып, «мазхаб – Исламның негізі» деген сыңайлы жалған пікірлерді және барлық имамдарға қарамастан тек бір ғана имамның пікіріне сүйеніп, шектелуге тиісті деген көзқарастарды түбегейлі жоққа шығарады.

Осы туралы шейх Джәмәлюддин әл-Қасими керемет сөздер айтты: “Ақиқат тек бір ғана ғалымның сөзімен және белгілі бір мазхабтың жағдайымен шектелмейді. Аллаһ Тағала мұсылман үмметіне көптеген ғалым-муджтаһидтер беру арқылы мейірім көрсетті”. Ол тағы былай деді: “Тақлид – бұл адамдардың арасында шапшаң таралып, оларды тез бөліп жіберетін алапес ауру. Мұнымен қоса, бұл – әрекетсіздік пен жалқаулыққа душар ететін жалпы сал (паралич), толықтай естен айыратын, тамырын кеңге жайған ауру”. Қараңыз: “әл-Исти’нәс” 44.

Шейх әл-Мә’суми, Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын, өзінің еңбегінде мазхабтың түпкі мағынасы мен танымал имамдардың пікірін дұрыс түсінуге шақырады. Ғалымдардың зор еңбегі сол, олар адамдарды соқыр ілесудің нысаны қылу үшін емес, керісінше адамдар Құран мен Сүннетпен өмір сүруі үшін оның дұрыс түсінігін жеткізеді.

Осы кітапта шейх әл-Мә’суми өзінің ұлы сөздерін айтқан болатын: “Фәқиһтердің сөздері мен олардың пайымдауларын қолдану – бұл тек су жоқ кезде ғана қолдануға болатын таяммум секілді. Егер белгілі бір мәселеде Құран, Сүннет және сахабалардың сөздері тура бір мағыналы мәтінде келсе, онда бұл мәтіндермен қолдану міндетті (уәджиб) болып табылады және белгілі бір ғалымның сөзіне бола олардан бас тартуға рұқсат етілмейді!”

Шейх әл-Мә’сумиден бұрын мұндай сөздерді имам әш-Шәфи’и “әр-Рисалә” 599-600 кітабында айтқан болатын.

Имам әш-Шәтыби шындық айтты: “Егер шариғат үкімдерін тану барысында ғалымдарды құрал ретінде алудың орнына мақсат ретінде алсақ, онда біз адасамыз”. Қараңыз: “әл-И‘тисам” 2/872.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай дейді: “Әй адам баласы, пайғамбардан (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) келген ең болмаса бір нәрсені қабылдамаудан сақ бол, тағы да сақ бол! Оны өзіңнің көңіл-қалауыңа еріп немесе белгілі бір мазхабты ұстанғаның себепті, не болмаса өзіңнің шейхыңның немесе дүнияуи арбауларға қызығушылығың себепті қабылдамаудан сақ бол! Шынында, Аллаһ Тағала ешкімді Өзінің елшісінен (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсы) басқа біреуге еруге міндеттеген жоқ. Пайғамбардан (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) келген нәрсенің барлығын қабылдау керек, тіпті егер құл бүткіл жаратылысқа қарсы келсе де. Ал егер осындай жағдайда адам елшіге (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) еретін болса, онда Аллаһ Тағала құлдан кімге қарсы келгені туралы сұрамайды! Расында, кімде-кім басқа біреуге бағынар болса, онда пайғамбардың (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұйрықтарына сәйкес келген кезде ғана бағынуы тиіс. Осыны біл, тыңда және осыған ер, әрі дінге жаңалық енгізбе!” Қараңыз: “Мәджму’ул-фәтәуә” 16/528.

 

Аллаһ Тағаладан осы кішкентай еңбекті әрбір ақиқатқа ұмтылған мұсылманға пайдалы етуін сұраймыз.

Құрметпен  www.al-hanifiya.kz сайтының редакциясы

Шейх Сәлим әл-Хиләлидің[3] кіріспесі

Оны дәріптеп, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

«Әй мүміндер! Аллаһтан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер!» (әл-‘Имран сүресі, 102 аят).

«Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Сол арқылы өзара сұрасқан Аллаһтан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар! Шәксіз Аллаһ сендерді Бақылаушы» (ән-Ниса сүресі, 1 аят).

«Әй Мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер! Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды кешіреді. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады» (әл-Ахзаб сүресі, 70-71 аяттар).

Одан кейін:

Әртүрлі мазхабтың ізбасарларының арасындағы көптеген таластарға бірінен-бірін алаламай  тура қараған адам, міндетті түрде мұның барлығы – шынымен бүлік, әрі мұсылмандардың артқа қалуының басты себептерінің бірі екендігін түсінеді. Мазхабшылар соқыр еліктеуге сондай терең бойлады, тіпті басқа біреудің ақылымен ойланып-толғанатын дәрежеге жетті. Дей тұрғанмен, мұсылмандардың алғашқы буын өкілдері мұндай емес еді, әрі алдыңғы өткен имамдарымыз ешкімді белгілі бір адамның сөзіне фанатик болып, сөзсіз еруге мәжбүрлеген жоқ. Ал мазхабшылар болса, араларында туындаған келіспеушілікті күн өткен сайын үрлеп, одан әрі тұтатты, ал шайтан болса, олардың араларына іріткі салып, қатал күрес туғызды.

Осы ащы шындықты ертеде-ақ көптеген ғалымдар ұғынып, ғасырлар бойы біресе бір ғалым, біресе бірнеше ғалымдар мұндай фанатизм мен мазхабтардың бөлінуіне және түрлі топтарға жіктелуіне қатты қарсы шықты. Бұл тақырыпқа байланысты көптеген керемет еңбектер бар, ал шейх әл-Мә’сумидің, Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын, «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» деген кітабы – мазхаб тақырыбында таптырмас ерекше құнды кітап. Бұл кітаптың көлемі кішкентай болғанына қарамастан, автор Құран, Сүннеттен дәлелдер және алғашқы мұсылмандардың ұлы имамдары мен әр ғасырдағы танымал ғалымдардың сөздерін өте кең көлемде келтірген. Сайып келгенде, аталмыш кітап мазхаб мәселесінің айналысында «оралып қалған» бүліктерге қарсы салмақты дәлелге айналды.

Бұл кітап бірнеше рет шығарылымды бастан кешірген. Ол туралы шейх әл-Мә’сумидің өмір баяны туралы айтқан кезде тоқталып өтеміз. Өкінішке орай, автор хадистерді қайдан алғанын көрсетпей кеткен, сондай-ақ кітаптың кейбір жерлері қосымша түсіндірмелерге мұқтаж болды. Міне, кітапты қолдануға, әрі түсінуге жеңіл болуы үшін мен келесідей міндеттерді атқардым:

1. Барлық аяттар мен хадистерге жалпыға ортақ нөмірлеумен сілтеме жасап, хадистердің сенімділік дәрежесін – сенімді, жақсы, әлсіз екендігін алдыңғы өткен үлкен ғалымдардың пайымдауларымен, әсіресе – біздің шейхымыз әл-Әлбәнидің сөздеріне салыстыра отырып, айқындадым.

2.  Автор қолданған цитаталарды (тақпақ) түпдерекпен салыстырдым, ал егер келтірілген цитаталардың сөздерінде сәйкессіздік болса, мен шейхтің кітабындағыны емес, керісінше түпдеректегі сөзді жаздым.

3. Кітаптағы кейбір жерлер қосымша түсіндіруге мұқтаж болса, мен өзімнің сөздерім мен ескертпелерімді қостым (сілтемеде). Ал мәтіндегі кейбір созылыңқы жерлерді автордың көздеген мақсаты мен кітаптың мән-мағынасын өзгертпестен, оқырмандарды жалықтыратын кейбір керексіз жерлерін қысқарту қажет деп ұйғардым.

Дұрыс айтқан жерлерім болса, онда «табысты болуым, Аллаһқа ғана байланысты, Оған тәуекел еттім, әрі Оған бой ұсынамын» (Һуд сүресі, 88 аят). Ал егер бір жерлерде қателессем, онда «нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады» (Юсуф сүресі, 53 аят).

Аллаһ Тағаладан бұл кітапты мұсылмандар үшін пайдалы болуын сұраймын. Ғалымдардың бірі айтқандай:

 

Бүгінде шешендер көп жанарларда

Ел біткен сұлу сөзді санар арға.

Сұлу сөз бірақ әркез дұрыс емес

Екенінен

Дүйім жұрт хабардар ма?

Сөздің сұлу болғанымен

Маңызы жоқ

Болса егер еш дәлелсіз, аңызы көп.

Пайдасы жоқ Білімсіз дін ұстанып,

Қам – қарекет қылғанның, тамызып от.

 

Мүмкін емес білімсіз іс өнуі,

Исламға қайтадан күш енуі.

Білім – ол

Құран, Хадис, Сахаба мен

Ғалымдардың бұл дінді түсінуі.

 

Шындық ізде!

Қуғанды қойып елес,

Дәлел сұра, себебі Дін ойын емес.

Дінді түсін сахабалар түсінгендей

Дін деген менің, сенің ойың емес!!!

 

Аллаһ Тағаладан ізгі сәләфтардың жолындағы Құран мен Сүннетке мұсылмандарды қайтаруын, сондай-ақ дінімізді бөлшектеп, партиялар мен топтарға жіктелуге апарған әралуан бұрмалау мен бидғаттардан және адасушылық пен фанатизмнен тазалауды сұраймын.

Аллаһ Тағаладан осы кітаптың авторына, оны өңдегенге және кітаптың жарыққа шығуына себепші болғандарға сансыз сауап жазсын деп сұраймын.

(Әбу Усама) Сәлим әл-Хиләли

Хиджра жыл санауы бойынша 1403 жыл.

 

 

 

 

Автордың қысқаша өмір баяны[4]

Оның заманы және қоғамның жәй-күйі

Мазхабқа еру – жаңа құбылыс емес. Дегенмен, кейінгі кезеңдерде бұл жан түршігерлік кейіпке ие бола бастады. Мәселен, осы құбылыстың кесірінің бірі тақлид қылу – Құран мен Сүннеттегі дәлелдерсіз белгілі бір мазхабқа соқыр еліктеу. Тіпті соңына таман, жер бетінде тақлид өз тамырын жаймаған мекен қалмады. Әсіресе, бұл процесс ортаазиялық мемлекеттерде немесе ежелден бері «Өзеннің ар жағындағы жерлер» деп аталып кеткен аймақтар – Мәуренахрда кең етек жайды. Дәл осы жерде мазхаб пен тақлид мәселесі өткір, әрі аса өзекті болды, ал мазхабқа еруден сәл бас тартылса, онда «тура жолдан» ауытқып, бас тартқанмен тең қарастырылды. Мысалы, тақлид жақтаушылары келесідей ұрандарды үнемі қайталайтын:

«Мұсылмандар – бұл Әбу Ханифа мазхабымен жүретін адамдар»;

«Барлық мәликилер, шафиғилер, ханбалилер және хадис жақтаушылары қателескен, әрі олар анық адасушылықта»;

«Шафиғилермен некелесуге тыйым салынған (харам), себебі олар кәпірлер, өйткені олар: «Мен мүмінмін, иншаллаһ (әнә му‘мин ин ша-Аллаһ)» деген сөзді айтуға рұқсат етеді»[5] ;

«Әрбір мұсылман сопылық тариқаттардың піріне қол тапсыруы (ант беруі) қажет, ал оның ішінде ең жақсысы – нақшбанди тариқаты»;

«Әһлю-Сунна – бұл тек матуридилер мен аш’арилер, ал қалғандарының барлығы – бидғатшылар (мубтәди’ун)».

Міне, осындай сопылық-тақлидтік қоғамда шейх әл-Мә’суми өмірге келді.

Шейхтің дүниеге келуі мен шығу тегі

Оның толық аты-жөні – Әбу ‘Абдул-Кәрим Мухаммад-Султан ибн Мухаммад-Урун ибн Мухаммад-Мирсаид ибн Мухаммад-Мә’сум. Өзінің аталарының бірі себепті әл-Мә’суми деп аталып кетті.

Хиджра жыл санауы бойынша 1297 жылы (1880 ж.) Ферғанаға жақын Ходжанд қаласында (қазіргі Тәжікстан) дүние келді. Соған байланысты әл-Худжәни деп аталды.

Мухаммад-Султан сауатты, әл-ауқаты орташа отбасында тәрбиеленді және ең алғашқы білімді – оқу мен жазуды өзінің ата-анасынан үйренді.

Оның білімі, білім алу мақсатында сапары мен ұстаздарды іздеуі

Мухаммад-Султан жастайынан парсы тілінде жазылған діни кітаптарды оқып үйрене бастады. Одан кейін ол араб тілін үйренуге кірісіп, түрлі сарф, нәху, бәләға (араб тілінің грамматикасы мен шешендік өнері) кітаптарын оқыды. Одан соң, логиканы оқып, тіпті философияны да үйренді. Ол ең алғаш ақида кітаптарынан «‘Ақида Нәсафия», «Адудадия», «Тахауия», «Джәухара әт-тәухид», «Санусия» және т.б. оқыды. Дәл осы кезден бастап әл-Мә’сумидің ғылымды үйренуге деген қабілеті байқалды. Ол ілгері өткен ғалымдардың кітаптарын оқуға кірісті. Әл-Мә’суми пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) мен сәләфтардан жеткен шынайы Ислам мен өзінің жергілікті тұрған жерінде таралған «Исламның» арасында үлкен айырмашылықтар бар екенін бірте-бірте түсіне бастады. Осылайша, ол 23 жасында ең алғаш рет жұрт алдында жерлестерінің ұстанған дінінің барлық үкімдері тақлидқа негізделгенін айтып, тақлидтің үлкен қателіктері мен бұзықшылығын айыптады. Өкінішке орай, жергілікті «шейхтер» мен «молдалар» өздерінің ата-баба дәстүрін сақтаймыз деген желеумен оны балағаттап, қыр ізіне түсіп алды.

Барлығына жалғыз қарсы тұра отырып, ол өзінің туған жерін тастап, Мекке қаласына кетуді ұйғарды. Сөйтіп, әл-Мә’суми хиджра жыл санауы бойынша 1323 жылы (1905 ж.) үйінен шығып, алыс сапарға шықты.

Оның сапары Бұхара қаласынан басталды. Мухаммад-Султан сол жерде поезға отырып, Красин-Абадқа жетті. Ал ол жерден кемеге отырып, Бакуға келді. Одан соң, Тифлиске, одан әрі Новосібірге. Ялта, Севостополь мен Одессаны жолда қалдырып, теңіз арқылы Стамбулға келді. Ол уақытта Стамбул Осман империясының астанасы болатын. Әл-Мә’суми сол жердегі «Йолдыз» мешітіне барған соң, ‘Абдул-Хамид сұлтанның қабылдауына шақырылды. Алайда, Стамбулдағы жағдай Мухаммад-Султанды қатты таң қалдырды.

Әл-Мә’суми Стамбулдан кейін Измир, одан соң Александрия және басқа мысырлық қалалардан өтіп, Меккеге жол тартты. Хиджра жыл санауы бойынша 1323 жылдың (1906 ж.) қажылықтың басталу уақытында Меккеге келді. Қажылық жасап жүрген кезінде бірнеше меккелік ғалымдармен кездесті. Сол уақытта ол шейх Шу’айб әл-Мәғрибиге әл-Бухари мен Муслимнің «Сахихтарын», имам Мәликтің «Мууаттасын» оқып, одан иснад[6] пен иджаза[7] алды. Сонымен қатар, әл-Мә’суми шейх Салих Кәмәл әл-Хәнәфиден (ханафи мазхабының ғалымы), Мухаммад-Саид Бәбсыл әш-Шәфи’иден (шафиғи мазхабының ғалымы) және тағы басқа ғалымдардан сабақ алды. Сондай-ақ, оның ұстаздарының бірі шейх Мухаммад-Мурад Рамзи әл-Казани…

Әділеттілік үшін осы жерде әл-Мә’сумидің өмір баянындағы мынадай оқиғаны айта кеткен жөн болар. Оның кейбір ұстаздары сопылар болған. Меккеде болған алғашқы жылдары сопылар оған белгілі бір ықпал жасады. Шейх Мухаммад-Султан олармен достық қатынаста болып, тіпті нақшбанди тариқатының пірі Мухаммад-Мә‘сум әл-Муджәддидке қол тапсырды (ант берді). Әлгі пір оған көптеген сопылық салттарды үйретіп, үнемі «Аллаһ» деп қайталауды бұйырды. Ал зікір салған кезде өзінің пірін көз алдына елестетуге кеңес берді. Кейін «ұстаз» әл-Мә’сумидің өзіне жеке мүридтер жинауға рұқсат еткен кезде, ол бұдан бас тартып, сопылармен қарым-қатынасын толықтай үзді.

Сол уақыттан бастап әл-Мә’суми Құран тәпсірі мен хадис жинақтарын оқуға тереңдей бастады. Ол уақыттары әл-Харам мешітінде намаз оқу үшін төрт мазхабтың имамдарына арналған бірнеше орын (мәқам) болатын. Кейбір мұсылмандар парыз намазын оқу үшін орындарынан тұрып жатса, басқалары өзінің имамын күтіп, өз жұмыстарымен айналыса беретініне ол талай рет өз көзімен көріп, куә болды. Сопылармен болған жайт, ал мына жерде төрт мәқамның жағдайы әл-Мә’сумиге тек мұсылмандар барған сайын топтар мен ағымдарға бөлініп бара жатқанын тереңірек түсінуге себепші болды – нәтижесінде шейх бұған қарсы бірнеше кітап пен еңбек жазды.

Меккеде өткен үш жылдан соң әл-Мә’суми Мединаға сапарға шықты. Сол жақта оқуын әрі қарай жалғастырып, түрлі хадис жинақтарынан «иджаза» алады, шейх әл-Кудумиден ханбали мазхабын үйренді.

Әл-Мә’сумидің білім іздену үшін барған келесі жері Шам – Иордания мен Сирия аймағы еді. Дамаск қаласында ол шейх-мухаддис Бәдруддин әл-Мә’марда оқып, басқа да ғалымдардан сабақ, әрі «иджаза» алды. Дамаскте Мухаммад-Султан сопылармен Меккедегідей емес, керісінше өте қатал сөйлесті. Бұл жерде ол сопылықты, әсіресе «мәуләуилік» тариқатты қатты сынға алды. Сопылар жасайтын әртүрлі салттары мен билерін, шыр айналып, зікір салу және барабан соғып, ән салу сықылды көптеген бидғаттарына қарсы шықты. «Рифә’и» тариқаты мен олардың «шайтани» Аллаһтың еске алулары және олардың түрлі қимыл-әрекеттерін әшкереледі. Дамасктен соң әл-Мә’суми Бейрутқа сапар шегіп, онда жергілікті шейхтермен кездесті. Одан кейін Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне барып, бірнеше күн сол жақта болды.

Шамдағы сапарын аяқтап, ол Мысырға қарай баруға шешім қабылдады. Каир қаласында ол «әл-Мәнәр» атты тафсирдің авторы шейх Мухаммад-Рашид Рида мен онымен аттас журнал шығарушы кісімен танысты. Осы журналда әл-Мә’сумидің авторлығымен бірнеше мақала жарық көрді. Ол өзінің қаражатына журналдың бұрыңғы номерлерін, шейх Мухаммад Абдоның барлық кітаптарын, Ибн Тәймия мен Ибн әл-Қайимнің бүкіл еңбектерін сатып алды. Оның замандастарының айтуы бойынша, әл-Мә’сумидің кітаптарының саны мыңнан астам том болған. Дәл осы жерде – Мысырда шейх Мухаммад-Султан өз еліне – Ходжәндқа қайтуды ұйғарды.

Шейхтің елге қайту сапары да өте ұзақ болды. Мысырдан Стамбулға, одан соң Одессаға, одан әрі поезбен Харьков, Мәскеу, Пенза, Самара, Орынбордан Ташкентке, сол жерден ата-анасы мен туысқандары күтіп отырған үйіне бет алды. Ұзақ сапарда болған кезінде жинаған кітаптарының барлығын мұқият оқып, зерттеуге уақыт табыла қалды. Әсіресе оны Ибн Тәймия, Ибн әл-Қайим мен Ибн ‘Абдул-Бәррдің еңбектері қызықтырды. Шейхтің өміріндегі жаңа кезең – әрбір шариғи мәселелерді анализдеу, әрбір автордың келтірген дәлелін зерттеу, пікірлерді салыстыру басталды. Муфтийдің шариғи сот кім болады деген сұрағы туындаған шақта, шейхтің білімінің кеңдігі мен түрлі сұрақтардың дұрыс жауабын айтуына байланысты әл-Мә’суми сол қызметке тағайындалуы да бекер емес. Әр уақыттың ғалымдарының пікірін салыстыра отыра, шейх Исламдағы тап-таза тура жол сәләфтардың – сахабалар, табиғиндер мен олардың ізінен тура ілескен ізгі ата-бабалардың жолы деген пікірдің дұрыстығына одан сайын нығая түседі. Осыдан кейін шейх таза Сүннет пен сәләфтар дінді қалай түсінсе, дәл солай түсінуге оралудың қажеттілігін адамдарға түсіндіре бастады. Сонымен бірге, ол бұрынғы және қазіргі кездегі муққаллидтердің адасуын айыптап масқаралады. Шейхтің дағуаты бірте-бірте қарапайым адамдардың арасында тарай бастады да, ортаазиялық аймақта Таухид пен Сүннетке қайта оралу басталып кетті. Сол уақыттары, адамдар құлшылықты Бір ғана Аллаһқа арнаудың орнына, «қасиетті әулиесымақтардың» қабірлері мен кесенелерінің[8] басына түнеп, оларға дұға қылатын – міне, бұл құбылыс та жайлап-жайлап жойыла бастады.

Қиыншылық пен одан аман-есен құтылу

Шейх әл-Мә’сумидің дағуаты таралып, ал шейхтің өзі адамдар арасында құрметке ие болып, мойындала бастаған шақта, 1917 жылы большевиктердің революциясы болды. Көптеген адамдар большевиктердің тәуелсіздік, теңдік пен әділеттілік орнайтынына уәделерін естіп, оларға көмек беруге асықты. Бірақ, большевиктердің дінге көзқарасы бәрімізге белгілі, міне осылайша олар мұсылмандарды, әсіресе Ислам ғалымдарын қуғынға ұшыратты. Көптеген ғұламалар сол кезеңде-ақ атылды, одан да көбісі – Сібірге айдалып, кейін қайта оралмады! Ал әл-Мә’сумиге келер болсақ, ол екі рет тұтқындалды: бірінші 1342 жылы (1924 ж.), екінші рет 1344 жылы (1926 ж.). Дей тұрғанмен, Аллаһтың қалауымен, екеуінде де құтылып кетті, әрине бұдан соң туған жері Ходжәндтан кетуге тура келді. Большевиктер оның қыр ізінен қалмай, барлық мал-мүлкін тартып алды, тонады. Тіпті үшінші рет тұтқынға түсіріп, ату жазасына кескен де еді. Дегенмен олардың өлтіреміз деген ниеттері жүзеге аспады. Аллаһ Тағаланың мейірімімен, ол түрмеден қашып шығып, ізіне түскен қуғыншылардын құтылды, сөйтіп Қытайға да жетті. Бұл 1928 жыл болатын, Қытайда бірнеше жыл өмір сүрген соң, ол жерді де тастап шықты.

Хиджра жыл санауы бойынша 1353 жылы (1934 ж.) шейх Меккеде қалу мақсатымен қажылыққа аттанды. Бұл жерде оны қуана қарсы алып, танымал «Дар әл-хадис» институтына оқытушы етіп тағайындады. Соған қоса, жыл сайынғы қажылық уақытында шейх әл-Харам мешітінде Орта Азия мен Түркиядан келген қажыларға арнап түрік тілінде сабақ берді.

Шейх әл-Мә’сумидің кітаптарының көбісі Меккеде өмір сүрген соңғы жылдары жазылған. Түрлі тақырыптарға арналған 24 еңбегі даңққа ие болды. Соның бірі – «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітабы. 1949 жылы шейх Мухаммад-Султан әл-Мә’сумидің Меккедегі үйіне, кейіннен «20-шы ғасырдың ұлы ғалымы» деп аталатын шейх Мухаммад Насыруддин әл-Әлбәни (Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын) келді. Ұстазға шынайы құрмет ретінде шейх әл-Әлбәни Меккеге келген сәтінде-ақ алғашқылардың қатарында шейх Мухаммад-Султанның үйіне барып, оның насихатын өте мұқият тыңдады. Кездесудің соңында шейх әл-Мә’суми оған «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітапты сыйға тартты. Бұл – аталмыш кітаптың ең бірінші тиражы еді. Бұл – сол уақытта аз мөлшерде ғана жарыққа шыққан кітап.

Шейх Мухаммад-Султан әл-Мә’суми Меккеде 80 жасында 1380 жылы (1960 ж.) дүниеден озды, Аллаһ Тағала оны Жәннат бақтарына орналастырсын. Сахих хадистердің бірінде былай делінген: «Адам қайтыс болғаннан соң, оның үш амалынан басқа амалдарының барлығы тоқтайды: үздіксіз келіп тұратын садақа; адамдарға пайда әкелетін білім; Аллаһ Тағалаға ата-анасы үшін дұға қылатын ізгі ұрпақ». Муслим 3/1255.

Шейх өзі қайтыс болса да, оның білімі мен еңбектері тірі, әрі мұсылмандарға пайдасын әкеліп жатыр. Бұған дәлел ретінде осы кітап – «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығын» айтуға болады. Кезінде шейх әл-Әлбәниге берілген нұсқа 1970 жылға дейін кітапханада сақталып, одан кейін ғана басылымға шықты. Сол уақыттары шейх әл-Әлбәни Құран мен Сүннетті ізгі ата-бабалардың (сәләф) түсінігімен түсінуге шақырумен танымал болған кезі еді. Алғаш Сириядан бастап, кейін басқа да аймақтарда Аллаһтың көмегімен сәләфи дағуаты тарала бастады. Бұл факт мазхабшылар мен тариқатшыларды үнсіз қалдырмады. Олар бірігіп сәләфи дағуатына шабуыл жасады, әсіресе шейх әл-Әлбәни мұның зардабын көп көрді. Тіпті, қазіргі күнге дейін олар өздерінің кітаптары мен лекцияларында таза таухид пен Сүннетке, иджтиһад[9] ашықтығына қайта оралуды айыптайды, әрі ақида мен шариғатта[10] белгілі бір мазхабқа еру арқылы фанат болып, соқыр сенуге шақырады. Осындай жағдайда шейх әл-Әлбәнидің кейбір шәкірттері, оның ішінде Мухаммад ‘Иид әл-‘Аббәси де «Султанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы» атты кітапты қайта бастырып шығаруды қолға алған болатын. Мухаммад ‘Иид әл-‘Аббәси кітаптың мақсаты мен мазмұнын көрсету үшін кітаптың атауына «Мұсылман адам төрт мазхабтың біреуін ұстану міндетті ме?» деген сөзді қосуды ұсынды.

Осыдан кейін кітап тағы да 1978-ші және 1981-ші жылдары екі рет қайта басылып шықты. Кітаптың барлық данасы сатылып кеткен соң, 2001 жылы «Дар Ибн әл-Қайим» баспа үйі осы кітаптың бесінші басылымын шығарды.